Ақмола облысы — Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. 1939 жылы құрылған. 1961 - 1992 жылдары Целиноград облысы болып аталды. Облыс орталығы – Көкшетау қаласы. Солтүстігінде Солтүстік Қазақстан, шығысында Павлодар, оңтүстігінде Қарағанды, батысында Қостанай облыстарымен шектеседі.
Жер аумағы 146,2 мың км².
2022 жылдың 1 тамыздағы деректер бойынша тұрғын саны 785 809 адам. 2022 жыл басына Ақмола облысы халқының жекелеген этностары бойынша саны: қазақтар - 387 690, орыстар - 234 336, Украиндар - 29 511, немістер - 25 243, белорустар - 9 162, татарлар - 12 792, поляктар - 7 234, ингуштар - 4839, шешендер - 3 368, әжербайжандар - 2156, башқұрттар - 1861 және т.б.
2022 жылғы II тоқсаны бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,8%-ға төмендеді. Жалпы өңірлік өнім 2022 жылғы қаңтар-наурыз 2021 жылғы қаңтар-наурызға 108,9%. 2022 жылғы I тоқсанда үй шаруашылығының қорытындысы бойынша 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 411,7 мың адамды құрады. Облыс экономикасында 392 мың адам жұмыспен қамтылды. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққанда жұмыспен қамту деңгейі 70,6% құрады. Жұмыссыздар саны 19,7 мың адамды құрады, жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды.
Ақмола облысындағы 2022 жылғы 1 қантардағы жағдай бойынша тіркелген ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер саны:
Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымы 2022 жылғы қаңтарда Ұлтық статистика бюросының алдын ала бағалауы бойынша 19790,4 млн. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің (қызметтерінің) жалпы шығарылымы 19592,5 млн. теңгені құрады, соның ішінде өсімдік шаруашылығы – 201,7 млн. теңге, мал шаруашылығы – 19389,6 млн. теңге, ауыл шаруашылығы салаларындағы қызметтер – 1,2 млн. теңге.
2022 жылғы қантар‐шілдеге Ақмола облысының әлеуметтік‐экономикалық дамуы: Өнеркәсіп 107,5% - 790,3 млрд.теңге, Ауыл, орман және балық шаруашылығы 100,6% - 192,4 млрд.теңге, Инвестициялар 107,7% - 280,4 млрд.теңге, Тұрғын үйді пайдалануға беру 100,9% - 335,2 мың. ш.м., Орташа айлық атаулы жалақы - 236 097 теңге.
2022 жылғы қантар‐тамызда мал шаруашылығының негізгі көрсеткіштері (мал шаруашылығы өнімдерін өндіру): еттің барлық түрі 101,6% көтерілді - 125,3 мың тонна, Сиыр сүті 100,6% - 285,8 мың тонна, Тауық жұмыртқасы 92,6% - 496,9 млн. дана.
Ақмола облысы мыңдаған жылдарға тамыр жайған тарихы бар, мәдениеті бай өлке. Бұл батыс пен шығыс мәдениеттерін ұштастырған керуен жолдары түйіскен киелі мекен. Ақмола – Көкше топырағы даңқты хандар мен хас батырлардың, дуалы ауыз билердің, ақиық ақындардың кіндік қаны тамған жер.
Олардың арасында үш жүздің басын қосқан дана саясаткер, көреген қайраткер хан Абылайдың орны ерекше. Абылай қазақ жерінің біртұтастығын, елдің қауіпсіздігін жолға қойды. Абылай дәуірі Қазақ хандығының өсу, өркендеуі мен саяси тұрақтылық кезені болып тарихта қалды. Мемлекеттің танымалдығы мен халықтың әл-ауқатының атруы да Абылай басқарған уақытпен тұспа-тұс келді.
XIX ғасырда бұл өлкеде орыс басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі болды. Көтерілістің қолбасшысы қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы еді.
Ақмола жерін ұлт зиялыларының алтын бесігі деуге болады. Шоқан Уәлиханов, Үмбетей жырау, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп Құтпанұлы, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Есенберлин, Мәлік Ғабдуллин сияқты ұлылардың шығармаларына арқау болған өлке.
Бұл аумақта XX ғасырдың алғашқы жартысында Ақмола, Көкшетау облыстары құрылды. 1941-1945 жылдары майданға шақырылған әскер саны облыс тұрғындарының төрттен бірін құрады. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Ақмола облысы осы науқанның орталығына айналды.
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың 1999 жылғы 8 сәуірдегі жарлығымен Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы болып бекітілді.
Ақмола облысы – тәуелсіз Қазақстанның аграрлы-өнеркәсіптік аумағы. Облыс өзінің шексіз егіндік жерлерімен, үлкен өндірістік әлеуетімен, әр торапты көлік коммуникациялық желісімен, ғылыми, мәдени мекемелермен мақтана алады.
Облыс аумағында елге танымал «Алтынтау-Көкшетау» ЖШС, «Тыныс» АҚ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ және т.б. кәсіпорындар жұмыс істейді.
Көкше-Бурабай демалыс орнын өлкенің бай тұмары десе болады. Ақмола-Көкше жерінде үш ұлттық парк – «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» орналасқан. Қорғалжын табиғи қоры халықаралық «ЮНЕСКО» ұйымының тізіміне енген. Адамзат дамуының барлық кезендерін қамтитың тарихи-мәдени ескерткіштер Ақмола облысының қайталанбас бейнесін қалыптастырды.
Климаты тым континенттік, қысы ұзақ (5,5 айға созылады) суық, жазы қоңыржай ыстық. Қаңтардың орташа темпертурасы –16 – 18°С, шілдеде 19 – 21°С. Тұрақты қар жамылғысы қарашаның ортасында қалыптасып, оңтүстігінде 130 – 140 күн, солтүстігінде 150 – 155 күн жатады. Қардың орташа қалыңдығы 20 – 22 см. Солтүстігінде жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 400 мм, оңтүстігінде 250 мм. Облыста солтүстіктен оңтүстіке қарай қара қоңыр, қоңыр, ашық қоңыр топырақ белдемдері бірін-бірі алмастырады. Олардың көпшілігі жыртылған.
Кен байлықтарынан алтын, уран, боксит, сүрме, мыс, молибден, кобальт, көмір, каолин сазы, кварц құмы, құрылыс материалдары, т.б. өндіріледі.
Ірі өзендері Есіл, оның салалары – Қалқұтан, Жабай, Терісаққан, Нұра, Сілеті, Өлеңті, Құланөтпес, т.б. Облыста көл көп, олардың 94-і тұщы. Ірі тұщы көлдері Қорғалжын, Қожакөл, Шолақшалқар, Балықтыкөл, Ұялышалқар, т.б. Ірі тұзды көлдері Теңіз, Керей, Итемген, Қыпшақ, Мамай, Үлкен Сарыоба және Астана, Сілеті бөгені бар. Олардан басқа жер суғаруға арналып 37 тоған салынған, жалпы су көл. 180,6 млн м3. Қорғалжын көл жүйесін сумен толықтыру және Астананың өнеркәсібін сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Нұра өзені арқылы 70 – 74 млн м3 Ертіс суы беріледі.
Өсімдіктің 73 тұқымдасы, 800-ден астам түрі кездеседі. Негізінен қылқан, селеу, бетеге, далалық жоңышқа, таспашөп, жебіршөп, қазтабан, сәбізшөп, жусан, т.б. өзен жайылмалары мен көл жағалауында астық тұқымдас және әр түрлі шөп аралас шалғын, ұсақ шоқыларда шоқ қарағай, қайың, көктерек, түрлі бұталар өседі. Облыс табиғатына сәйкес мұнда сүтқоректілердің 55, құстың 80, бауырымен жорғалаушылардың 8, қосмекенділердің 3, балықтың 30 түрі мекендейді. Облыстың солтүстігіндегі ормандарда бұлан, сібір елігі, сілеусін, ақкіс, ақ қоян, тиін, еуропа кірпісі, орман құстары (құр, аққұр, тоқылдақ, т.б.), жыртқыш құстар (қарақұс, шаңқылдақ қыран, кезқұйрық, жамансары, күйкентай, жағалтай), сауысқан, алақарға, жауқара, т.б. кездеседі. Су құстарынан қоқиқаз, қаз, үйрек, т.б., бауырымен жорғалаушылардан сарыбас, өрнекті қарашұбар жылан, сұр жылан, секіргіш кесіртке, т.б. мекендейді. Суларында мөңке, оңғақ, лақа, алабұға, торта, шортан, аққайран өседі. Қорғалжын, Ерейментау, Атбасар мемлекеттік қорықтары бар. Облыста республика халқының 4,9%-ы тұрады. Солтүстік және орталық аудандарда халық жиі қоныстанған.
Әкімшілік орталық – Көкшетау қаласы. Облыс құрамындағы екі қала - Көкшетау мен Степногорск облыстық маңызға ие, 8 қала (Ақкөл, Атбасар, Державинск, Ерейментау, Есіл, Макинск, Степняк, Щучинск) аудандық басқару жүйесінде, сондай-ақ мұнда 17 ауылдық аудан, 14 кент және 244 ауылдық округ бар.
Облыс өнеркәсібі өндіру және өңдеу салаларынан тұрады. Ауыл шаруашылық машиналарын жасауға, астық өндіруге, сүтті, етті мал өсіруге мамандандырылған. Ауыл шаруашылық жері 12501,1 мың га, оның 4806,1 мың га-сы егістік, 287,8 мың га-сы шабындық, 72,2 мың га-сы жайылымдық (2006). Орман-тоғай 224,3 мың га жерді алып жатыр. Облыс аумағындағы темір жолдыңдың ұзындығы 1531 км. Өнеркәсіп секторында облыс құрамында алтын бар кендерді, уранды, машина жасауды, химия өнеркәсібін өндіруге маманданған. Ақмола облысына елде өндірілетін темір жол подшипниктерінің 100% - ы, жүк автомобильдерінің 36,3% - ы, өңделмеген алтынның 30,2% - ы, өңделген сүттің 12,1% - ы және ұнның 9% - ы келеді. Өнеркәсіп өндірісінің құрылымында негізгі үлесті өңдеу өнеркәсібі алады - 80,4%, онда 533,1 млрд.теңгеге өнім өндірілді. Өңірдің өңдеу өнеркәсібі тамақ өнімдерін өндірумен, жеңіл және химиялық өнеркәсіптермен, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндірумен, өзге де металл емес минералды өнімдерді өндірумен, түсті металлургиямен және машина жасаумен қамтылған. Өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындары «Көкшетауминводы» АҚ алкогольді және алкогольсіз сусындарды шығару зауыты, «Altyntau Kokshetau» АҚ алтын өндіру фабрикалары, «Қазақалтын» ТКМК» АҚ, «Kazakhaltyn Technology» ЖШС, «Агрофирма TNK» ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу компаниясы, «ЕПК-Степногорск» АҚ подшипник зауыты болып табылады.
Дін. Облыста 191 тiркелген дiни бiрлестiк (бұдан әрi — ДБ) әрекет етедi: 90 — ислам, 45 — православ, 11 — католик, 43 — протестанттық, 1 — Бахаи дiнi, 1 — Ақмола облысының Кришна Санасы Қоғамы. Сонымен қатар, мемлекеттiк тiркеуден бас тартып отырған евангель христиан-баптистерiнiң 10 қауымдастығы бар (Көкшетау қ., Степногорск қ., Бұланды ауданының Макинск қ., Есiл ауданының Есiл қ., Бурабай ауданының Щучинск қ. және Бурабай к., Жақсы ауданының Запорожье а., Атбасар ауданының Сергеевка а., Астраханка ауданының Астраханка а., Сандықтау ауданының Балкашино а.).
Дiни объектiлер 151, олардың iшiнде мешiт — 90, православ шiркеуi — 28, католик костелы — 11, протестанттық құлшылық ету үйi — 22. Облыстағы дiни ахуал тұрақты.
Мәдениет. Облыста барлық меншiк нысанындағы 660 мәдениет объектiлерi жұмыс iстейдi, оның iшiнде 632 мемлекеттiк, 28 басқа меншiк нысандары: 270 клуб (253 мемлекеттiк және 17 жеке меншiк), 350 кiтапхана (342 мемлекеттiк және 8 ведомствалық), 21 мемлекеттiк архив, 11 музей, 2 театр, Үкiлi Ыбырай атындағы филармония, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы, 3 мемлекеттiк емес кинотеатр (анықтама: 2019 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 29 кiтапханаға, оның iшiнде 28 мемлекеттiк кiтапханаға) азайды. Мемлекеттiк жүйе кiтапханаларының кiтап қоры 4 774 648 дана, оның iшiнде мемлекеттiк тiлде — 1 341 738 дана (- 1009). Ауылдағы кiтап қоры — 3 217 898 дана, оның iшiнде мемлекеттiк тiлде — 987883 дана.
Ақмола облысында 1 793 тарих және мәдениет ескерткiштерi бар, оның iшiнде 4 республикалық маңызы бар, 1032 — жергiлiктi және 757 тарихи — мәдени мұра объектiсi алдын ала есепке алу тiзiмiне енгiзiлген. Қасиеттi нысандар-11 жалпыұлттық және 35 аймақтық.
Халыққа медициналық көмектi 568 денсаулық сақтау ұйымы көрсетедi: 23 (4%) ауруханалық ұйым, жедел медициналық жәрдем станциясы, қан орталығы, 537 амбулаторлық-емханалық көмек көрсететiн ұйым (94,5%): (3 қалалық емхана, 1 БМСК орталығы, 2 аудандық емхана, 1 ЖИТС орталығы, 100 дәрiгерлiк амбулатория , 44 фельдшерлiк- акушерлiк пункт, 386 медициналық пункт.
Басқа да медициналық ұйымдар — 6 (1,6%).
Облыста 2022 жылдың 1 қаңтарына 1483 дәрігер және 5501 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.
10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету 20,4 және орта медицина қызметкерлерімен – 74,0 құрайды.
Облыста туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 1,2%-ға (100 мың адамға шаққанда 42,0-ден 41,5-ке дейін) төмендегені байқалады) және қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық төмендеуі – 100 мың адамға шаққанда 18,8% - ға (3571,2-ден 2899,3-ке дейін).
Жалпы өлім – жітімнің 1000 адамға шаққанда 10,1% – ға (11,74-тен 12,92-ге дейін), қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімнің-0,2% - ға (100 мың тұрғынға шаққанда 103,19-дан 103,36-ға дейін), қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің-9% - ға (100 мың тұрғынға шаққанда 232,54-тен 255,56-ға дейін), жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан болатын өлім-жітімнің 0,2% - ға 100 мың тұрғынға шаққанда 88,32-ден 88,17-ге дейін), ұлттық статистика бюросының алдын ала деректері (01.12.2021 ж.).
Нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 22,3% - ға (1000 адамға шаққанда 6,68-ден 5,19-ға дейін) төмендеді. Ұлттық статистика бюросының 01.12.2021 ж.алдын ала деректері бала туу көрсеткіші 5,1% - ға (халықтың 1000 адамына шаққанда 16,9-дан 17,77-ге дейін) ұлғайды.
Денсаулық сақтаудың күрделі шығыстарына 2021 жылы 3,0 млрд.теңге, оның ішінде медициналық ұйымдарды жарақтандыруға – 2,5 млрд. теңге, күрделі шығыстарға – 0,5 млрд. теңге бөлінді.
Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту
Мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарындағы мектеп алды даярлық тегiн болып табылады.
Облыста мектепке дейінгі 610 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 247 балабақша және 363 мектепке дейінгі шағын орталық, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды жалпы қамту – 35557 бала немесе 75,4%, оның ішінде 3-6 жастағы – 28669 бала немесе 100%.
Жалпы орта білім беру
Орта бiлiм беру ұйымдарының негiзгi түрлерi жалпы білім беретін мектеп, шағын жинақталған мектеп, гимназия, лицей, бейiндiк мектеп болып табылады.
Есепті күнде 576 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 556 мемлекеттік күндізгі жалпы білім беретін мектеп, кешкі – 9, арнайы түзету – 5, ведомстводан тыс – 2, мемлекеттік емес – 3, Назарбаев Зияткерлік Мектебі –1. 2019-2020 оқу жылында контингент – 129126 оқушы, оның ішінде күндізгі мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде 127706 оқушы.
Техникалық және кәсіптік білім беру
Техникалық және кәсіптік білім беру – білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауға бағытталған білім беру;
Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждерде және жоғары колледждерде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы оқу процесі білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытуды, сондай-ақ оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында – өндірістік оқыту шеберінің, практика жетекшісінің басшылығымен, кәсіпорындар (ұйымдар) базасында тәлімгердің, өндірістік оқыту шеберінің, практика жетекшісінің басшылығымен орындалатын өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы қамтиды.
Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыға жұмысшы біліктілігі және (немесе) "орта буын маманы" біліктілігі беріледі.
Техникалық және кәсіптік білім беруді 33 оқу орны жүзеге асырады, білім алушылардың жалпы контингенті 21,3 мыңнан астам адамды құрайды. 33 колледждің 26 мемлекеттік және 7 жекеменшік.
Оқыту 94 кәсіп (мамандық) және 139 біліктілік бойынша жүргізіледі, атап айтқанда: ауыл және орман шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, педагогика, медицина, тау-кен ісі, қызмет көрсету саласы, өнер және мәдениет мамандықтары, энергетика, машина жасау технологиясы, көлікті пайдалану және т.б. Облыс өңірінің индустриялық-инновациялық даму жобалары үшін мамандар даярлау маңызды рөл атқарады.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 24 оқу орталығы анықталды,оның ішінде 15 колледж қысқа мерзімді оқытуды ұйымдастыру үшін «Атамекен» ӨКП тізіліміне енгізілді. Таңдау жұмысқа орналасу үлесінің кемінде 60% жүзеге асырылды.
2020-2021 оқу жылына арналған өңірлік комиссиямен "Еңбек"бағдарламасы аясында 1190 оқушыны оқуға қабылдау үшін 18 колледж тізбесі бекітілді.
Техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 2020-2021 оқу жылына конкурстық комиссия 4764 орындық мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырды.
Экономиканың 7 саласы бойынша дуальді жүйені енгізген колледждер саны 28 колледжге дейін артты (металлургия және машина жасау, қызмет көрсету, көлік (салалар бойынша), құрылыс, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы).